Бөрте

Қойылым 11.03.2022

«Бөрте» - Моңғол империясының әміршісі Шыңғыс қағанның әйелі Бөрте ханым өмірін бейнелейтін спектакль. Қойылым 10-11 жастағы Темучин (Шыңғыс ханның шын есімі) мен Бөртенің алғаш танысуынан басталып, Шыңғыс қағанның алып империяны басқарып тұрған кезеңін қамтиды. Империя өмірінде ерекше рөл ойнаған, тағдыры драма мен интригаға толы Бөрте ханымның ғұмыры.

Қарау

Фариза

Қойылым 04.03.2022

Фариза - ақынға тән мінез, ақынға тән балалық, ақынға тән ұлылық пен оның табиғатындағы жұмбақ сырды баяндайтын спектакль.

Қарау

Махаббат мұнарасы

Қойылым

Тек қана ғашықтардың көзіне көрінетін «Махаббат мұнарасы» мінсіз сұлулықтан туған туынды. Мұнда махаббат пен өнердің серенадасы салтанат құрады. Бұл сұлулық атауын тап-таза, мөп-мөлдір өнердің өзегінен іздеп, өмір бойы махаббатына адал болған жанның сезіміне елітіп, құдіретіне иіп отырып көретін қойылым.

Кейіпкерлер мен орындаушылар:

Суретші- Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай,

Ересек суретші - Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Әділ Ахметов,

Жас суретшілер - Айбек Боранбаев, Темірлан Еркінғалиев, Ақ-Сұлтан Әнуарбек, Нұрым Алжаппаров

Сұлу - Ақбота Рахат, Жұлдыз Абдукаримова

Түркістан музыкалық драма театрының жас актерлері және балет әртістері

Қарау

Шаңырақ

Қойылым 24.02.2022

«Шаңырақ» қойылымының идеясы түбі бір түркі халықтарының бірлігі, ынтымағы, бауырластығына құрылған. Бабалар жолының саралығы, ұрпақ сабақтастығы, өткенін қастерлеп, өркениетке ұмтылған түркі ұрпағының өміршеңдігі қойылымға арқау болған. Бір шаңырақ астындағы түркі халқының тектілігі мен қайсарлығын көрсететін спектакльде дауылпазбен дауылдатқан мінез де, домбырамен дүбірлеткен дала да, сыбызғы үніндей сыр шерткен тарих та астасады. Өткен дəуір, бүгін жəне болашақ тізбектелетін қойылым арқылы түркі халқының даналығын, дүниеге деген түсінік пайымының тереңдігін, бүгінгі ел келбеті мен болашақ бедерін қысқа уақыт ішінде сахнаның техникалық ерекешеліктерін пайдалана отырып көрерменге жеткізеді.

Қарау

Қорқыт туралы аңыз

Қойылым 21.05.2022

"Қорқыт туралы аңыз" пластикалық спектаклі - түркі халықтарының рухани абызы, қобыз аспабын дүниеге әкеліп, мәңгілік мұрасын - ғажайып күйлерін қалдырған өнер пірі - Қорқыт бабамызға арналған. Жер дүниені алай-дүлей дауылдатып, жауындатып, жай ойнатып, адамдарды үрейге орап дүние келген Қорқыт алып қарағаштан ойып қобыз жасайды. Әлемді қобыз үнімен әлдилеген бабамыз көрген түсінен шошып, өлімнен қашады. Жерұйық мекенді іздейді. «Қайда барса да, Қорқыттың көріне» кезігіп, ақыры туған жеріне - дүниенің кіндігі саналатын Сыр-Дарияға оралады. Ұлы өнерін өлімге, жалпы, тіршілік дағдарыстарына қарсы қойып, ізгілік пен жасампаздық нұрын шашқан Қорқыт пен жер бетін үйлесімсіздік пен араздықтың алаңына айналдыруға тырысқан пері қызы - Мартудың арасындағы мәңгілік айқас заманауи хореография тілімен әсерлі бейнеленген. Рухани тамырларымыздың алтын өзектері қандай? Замана ағымындағы шынайы өнер миссиясының сыры неде болмақ? Спектакль осындай мағыналы сұрақтарға жауап іздеп, көрерменге ой салады.

Қарау

Мағжан

Қойылым 12.11.2022

Мағжан Жұмабаев – алаш қозғалысының қайраткері, ұлы ақын, ғалым, аудармашы. Ол ағартушылық, ұлт-азаттық, демократияшыл бағытты ұстанған тұлға. Мағжан өлеңдерін әлеуметтік мәселелерді көтеруге, халқын өнер-білімге шақыруға, махаббат тақырыбына арнады Өз поэзиясының алғашқы қадамдарынан бастап ақтық демі біткенге дейін Мағжан Жұмабаев ұлт азаттық тақырыбын үзбей толғады, оны өз поэзиясының өзегі етті. Түркі халықтарының бірлігі - Мағжан поэзиясының әуелден қалыптасқан алтын арқауы болды.
Ағартушылық саласындағы өмірі, махаббаты, ұлтқа адал қызметі, қазақ даласын жайлаған аштық(1921-22 жылдар) «Мағжан» спектаклінің тақырыбы. Көрермен спектакльден жас Мағжанның, өмірге ғашық Мағжанның, елінің ауыр хәлі үшін шексіз азап шеккен, басын қатерге тіккен Мағжанның және бірнеше мәрте геноцидке ұшыраған қазақ халқының ауыр тағдырын көреді.

Қарау

Шинель

Қойылым 21.01.2023

Басты кейіпкер — Акакий Акакиевич Башмачкин департаменттегі жұмысына аса ұқыпты болатын. Ол құжаттарды қолмен көшіріп жазудан рахаттанатын. Соған қарамастан оның қызметкерлер арасында ешқандай беделі жоқ еді. Башмачкинді жас шенеуліктер келемеждеп, күлкіге айналдыратын еді.
Бір күні Акакий ескі шинелінің тозығы жеткенін байқады. Ол оны тігінші Петровичке апарды. Жамап-жасқап кие тұрармын деген ойы іске аспады. Тігінші жөндеуге келмейтінін айтып, жаңа шинель тіктіруге кеңес берді.
Башмачкин жаңа шинель тіктіру үшін барлық шығындарынан бас тартып, жаңа сырт киімге қол жеткізді. Департаментке оны киіп келген күні мақтау мен құттықтауға көміліп қалды, тіпті кешке жаңа шинельді болуын қызметкерлермен бірге атап өтті. Түн ортасында үйіне қайтып келе жатқан Акакийдің шинелін біреулер шешіп алады. Ол ескі шинелін қайта киіп департаментке барады. Шенеуліктер оған «маңызды тұлғаға» барып көмек сұрауды ұсынады. «Маңызды тұлға» Башмачкинге айқайлап, өзінің «маңыздылығын» дәлелдеумен болады. Ештеңе түсінбей дал болған Акакий көшеге шығады. Ескі шинелінің қуыс-қуысынан суық жел үрлеп үйіне келе сала төсек тартып жатып қалады. Бірнеше күннен кейін Башмачкин дүние салады. Сонан соң ол «шенеулік бейнесіндегі» елес болып қайта оралып «маңызды адамның» шинелін шешіп алғанша жаны жай таппайды.

Қарау

Беу,қыздар-ай!

Қойылым 01.05.2023

«Беу, қыздар-ай» қойылымы әзіл мен әннен құралған, махаббат тақырыбындағы комедия. Қаланың өнерлі де, өрелі үш жігіті өмірлік серігін іздеп ауылға аттанады. Бірі режиссер, бірі ақын, бірі композитор. Көздегендері- көрікіне ақылы сай, еті тірі, ауылдың бетке ұстар дизайнері,әрі әнші, айдай сұлу Айсұлу. Осы жерден олардың махаббат машақатына толы хикаялары басталады. Соңында үш жігіт те ауылдан өз Айсұлуларын табады. Қызыққа толы оқиғалар мен әсем әндер кез-келген көрермендерді баурайтыны сөзсіз. Әрбір сахна әзілмен өріліп, бүгінгі заманның өзекті мәселесін жеңіл жеткізеді.

Келіндер көтерілісі

Қойылым 21.10.2023

Өзбекстанның талантты драматургі Саид Ахмадтың қырық жылдан астам тарихы бар «Келіндер көтерілісі» комедиясы Түркістан музыкалық-драма театрының сахнасында заманауи келбетке ие болды. Жас режиссер Дәурен Серғазин көрші отырған екі мемлекеттің ортақ құндылықтарын тиімді пайдаланып, қазақстандық көрермендерге арнап, жаңаша сипатта музыкалық комедия қойды. «Келіндер көтерілісі» комедиясында Түркістан шаһарындағы бір отбасының өмірі қамтылады. Фатима ана жеті ұлын жеті қызға үйлендіріп, бір шаңырақтың астында ұстайды. Оның қаталдығына шыдамай, жаңа түскен кіші келіні Нигора абысындарын көтеріліске шақырады. Фатима ана жаңа заманның келіндері енді көнбейтінін түсініп, әрқайсысын бөлек шығарады. Спектакльде ене мен келін арасындағы қарым-қатынастан басқа, қоғамда орын алып отырған отбасылық мәселелер қамтылған.

Turkistan theatre

2021 жылдың 11 мамырында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ашылған. Театр құрылысы 2019 жылы басталып, 2020 жылдың соңында аяқталған. Театр 4 қабаттан тұрады, аумағы 11 000 шаршы метрді құрайды, көрермен залы 511 адамға арналған.

2021 жылдың 16 сәуір күні белгілі продюсер, «Фариза» спектаклінің авторы Айнұр Көпбасарова театрдың директоры және көркемдік жетекшісі болып тағайындалды. Театр ұжымы негізінен А.Я.Ваганова атындағы орыс балетінің академиясы мен А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесін бітірген жас балет әртістерінен тұрады.

“Түркістан музыкалық драма театрындағы” алғашқы қойылым 2021 жылдың 9 қазанына жоспарланған. Театр премьерасы драматург Дулат Исабековтың “Бөрте” спектаклімен басталады.

Ұжым Байланыс Бос жұмыс орындар